top of page
Глядя на картины

Электронды музейге

ҚОШ КЕЛДІҢІЗ!

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлімі 
Мәншүк Маметова мемориалдық музейі  туралы

manshuk-mametova-house.jpeg

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлімі  Мәншүк Маметова мемориалдық музейі Сарайшық көшесінің 51 үйінде орналасқан.

ІХ Республикалық «Әкелер даңқты жолымен» слеті аясында, Совет Одағының Батыры Мәншүк Маметованың 60 жасқа толу құрметіне 1982 жылдың 7 шілдесінде Мәншүк Маметованың музей-үйі болып салтанатты түрде  ашылған.

Музейде  Маметовтер отбасы мен  Мәншүк Мәметоваға қатысты құнды деректер мен тарихи заттар жинақталған.

1967-1969 жылдары Мәншүктің анасы - Әмина Мәметова Оралға келген сапарында өздері 1932-1934 жылдары аралығында тұрған үй ғимаратын  көріп, облыс басшыларына  осы үйде Маметовтер отбасының тұрғандығы жөнінде әңгімелеген.

1981 жылы Батыс Қазақстан облыстық өлкетану музейінің тапсырмасымен Алматы қаласына барған аталған музейдің бөлім меңгерушісі  Сара Танабаева қазіргі музей ғимаратына қатысты мәліметтерді Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың анасы Әмина Сүлейменқызының өз аузынан естіп, жазып алған. Әмина Сүлейменқызының айтуынша, Мәметовтер отбасы осы үйде 1932-1934 жылдары тұрған. Оған дейін Мәншүктің  әкесі Ахмет Мәметов   Саратов қаласында ординатурада, анасы Әмина Сүлейменқызы аспирантурада оқып жүрген.

 

1932 жылы  Мәншүктің ата-анасы Ахмет пен Әмина Маметовтер  Орал облысында мамандар жетіспеушілігіне байланысты оқудан шақырту алған. Содан 1934 жылға дейін Ахмет Мәметов Орал облысының денсаулық саласында, Әмина Мәметова  облыстық білім басқармасында  еңбек еткен. Сол жылдары Мәншүк Орал қаласындағы 14 мектепте оқыған. Ол кездегі Мәметовтар отбасы тұрған үйдің мекенжайы - Нариманов көше-сі, 15 үй. Қазіргі Сарайшық көшесіндегі 51 үй. Үй 4 бөлмелі болған. Соның 3 бөлмесінде Мәметовтар отбасы, 1 бөлмесінде Қуанғалиевтер отбасы тұрған.

 

Үйдің қонақ бөлмесінде (зал) 5 терезе болған. Терезелер мен есігіне  тюль ілініп, терезе алдында гүлдер өскен. Бөлмеге парсы кілемі төселіп, орындықтарымен үстел, Мәншүктің темір кереуеті, ескі сандық, қызыл ағаштан жасалған шағын комод қойылған. Үстелде ақ түсті никель самауыры тұрған. Төргі терезелердің арасында жазу үстелі болған. Кереуетке шыттан тігілген шілтерлі жабын жабылған. Төбесіне 15-20-лық керосин шамы ілінген.

 

Жатын бөлменің терезелері мен есігіне  тюль ілініп, келесі заттар болған: Әмина Сүлейменқызының никельденген темір кереуеті, оның жанында басқұр, кошма, комод, үстел, айна, тігін машинасы, кітаптар қойылған этажерка.

 

Ас бөлмеде отырғыштарымен үстел, ыдыс қойылатын сөре, плита болған.

 

Дәлізде киім ілгіш болған.

 

Аулаға бақша егіліп, үстел қойылған. Үйге жапсарластырып салған ағаш бөлме (Аула сызбасының түпнұсқасы музей қорында бар).

 

1982 – 1993 жылдары Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова мемориалдық музей-үйі;

1993-2007 жылдары Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы;

2007-2019 жылдары Мәншүк Мәметова мемориалдық музейі;

2019 жылдан бастап Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлімі  Мәншүк Маметова мемориалдық музейі.

Мәметовтер тұрған үй - 1900 жылы салынған ғимарат.

М.Мәметова мемориалдық музейі  екі ғимараттан тұрады:

І ғимарат:  Мемориалдық музейдің өзі, ол бірнеше залдан тұрады:

а/ Кіріспе залы;

ә/ Мәметовтер залы

б/ Мемориалдық бөлме;

в/ Өнер залы

г/ Ұлы Отан соғысы залы;

 

ІІ-ғимарат:  «Мәншүктің өшпес ерлігі» диорамасы 1993 жылы ашылды.  Диарама  авторы – Михайл Юрьевич Ананьев – Мәскеу қаласындағы Греков студиясының суретшісі, Ұлы Отан соғысына қатысушы.

Мәншүк  Маметова  1922 жылдың 2 қазанында қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Бөкейорда ауданында дүниеге келген. 1943 жылдың 15 қазанында Невель қаласында қаза тапқан. 1944 жылы 1 наурызда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

bottom of page